Астанада тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбында халықаралық семинар-тренинг өткізілді
2024 жылғы 9 шілдеде Астана қаласында Ішкі істер министрлігі Қазақстандағы Фридрих Эберт атындағы Қордың өкілдігімен бірлесіп “ODARA тұрмыстық зорлық-зомбылық қатерлерін бағалау құралын қолдану” тақырыбында халықаралық семинар-тренинг өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған іс-шара осы жылы 15 сәуірде Мемлекет басшысы қол қойған “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Республикасының Заңын іске асыруға бағытталған.
Тренингтің мақсаты – “ODARA” тұрмыстық зорлық-зомбылық қатерлерін бағалауды үйрету. “ODARA” – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жүйелі түрде қарсы тұрудың бірінші кезеңі. Екінші кезең – тұрмыстық зорлық-зомбылық агрессорларымен жұмыс.
Тренингті Германиядан келген сарапшы, Ландау қаласы прокуратурасының отставкадағы қызметкері, агрессорлармен жұмыс жөніндегі мамандандырылған интервенциялық орталықтың қоғаммен байланыс және біліктілікті арттыру бөлімінің басшысы, Германияның Оңтүстік Пфальцында агрессорлармен жұмыс жөніндегі федералдық жұмыс тобының бұрынғы төрағасы Роланд Хертель мырзамен бірлесіп, “Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағы” ЗТБ басқарма төрағасы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Зульфия Байсакова жүргізді. Тренинг барысында “ODARA” халықаралық қатерлерді бағалау құралының әдіснамасы егжей-тегжейлі оқытылды, сондай-ақ полиция қызметкерлеріне “ODARA” құралын қолданудың қызметкерлерге арналған бейне-нұсқаулығы таныстырылды.
Тренингке барлық өңірлердің ПД әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің қызметкерлері және учаскелік полиция инспекторларының басшылығы жөніндегі инспекторлар қатысты.