Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД-да жедел кеңес өткізілді
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті 6 айда атқарылған жұмысты қорытындылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде ҚАЖ қызметінің 2024 жылдың 6 айындағы жұмысын қорытындылау бойынша жедел кеңес өтті. Жедел кеңес жұмысына ҚАЖД және департаментке бағынысты мекемелердің басшылары, қалалық, аудандық пробация қызметтерінің бөлім бастықтары қатысты.
Департамент бастығы Шаймерден Есенкелдиев жиынды ашып, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінде министр Ержан Саденовтің басшылығымен өткен алқа отырысында берілген тапсырмаларды жеке құрамның назарына жеткізді. Одан соң қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің жедел қызмет жұмысының қорытындылары туралы департамент бастығының орынбасары Жүніс Әбдіқайыров мекемелердегі құқықтық тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз етуде атқарылған жұмыстарға және пробация қызметінің жұмысына, жазасын өтеушілерді жұмыспен қамту, медициналық көмек алуға жәрдемдесу сынды жұмыстарға тоқталып өтті. Мекеме басшылары да 6 айда атқарылған жұмыс нәтижелері туралы баяндама оқыды.
Департамент бастығы ҚАЖД мекемелерінде өткен жылмен салыстырмалы түрде ауқымды жұмыстар жүргізілгендігін атап өтіп, мекеме басшыларына сотталғандарды жұмыспен қамту, оларға көрсетілетін медициналық, психологиялық көмек, теологиялық көмек бойынша жұмыстарды жандандыруды тапсырса, пробация қызметіне есептегі азаматтар тарапынан қайта қылмысқа жол бермеу мақсатында тиісті жұмыстарды атқару жөнінде тапсырма берді.