Ақтөбе облысының полицейлері 70 жасөспірімге ерекше демалыс ұйымдастырды
Ақтөбе облысында құқық бұзушылықты алдын алу үшін 70 жасөспірімге ерекше демалыс ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы облыстық полиция департаментімен және білім басқармасымен бірлесіп, балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу, жастар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін Мәртөк ауданында 70 жасөспірім үшін Aqtobe Camp ІІ лагерін ұйымдастырды. Лагерь өз жұмысын 22 шілдеде бастады, оған облыстың өңірлерінен 13-16 жас аралығындағы мектеп оқушылары шақырылды.
Бес күндік демалыс бағдарламасы мәдени-спорттық, рухани-танымдық, интеллектуалдық, шығармашылықты дамыту шараларды қамтиды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды зиянды әдеттерден қорғау мақсатында полиция қызметкерлері балаларға құқықтық ағарту жұмыстарын да белсенді жүргізеді.
Мәртөк ауылында ұйымдастырылған лагерьдің ашылу салтанатына қатысқан Ақтөбе қаласы полиция басқармасы ювеналдық полиция бөлімшесінің Ботакөз Жалекешова жастарға ана-ананы қадірлеу, әрдайым мақсат қойып, биікке ұмтылу, жетістікке жету жолдары туралы айтып, құқық бұзушылықтардан аулақ болуға шақырды.
Бағдарламаға сәйкес, қала сыртындағы демалыс кезінде жасөспірімдер мобилография курсын оқып, экскурсияларға шығады, квест, stand up, эстафеталық ойындарға, тренингтерге қатысады, танымал тұлғалармен кездеседі. Сонымен қатар балаларға полиция департаментінің арнайы жасағының жауынгерлері қорғаныс тәсілдерін үйретіп, кинолог-мамандар қызметтік иттермен көріністер көрсетеді.