Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында пробация есебіндегі сотталғандардың балаларына оқу құралдары таратылды

Қызылорда облысында пробация есебіндегі сотталғандардың балаларына оқу құралдары таратылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жаңа оқу жылының қарсаңында Қармақшы аудандық отбасын қолдау орталығында “Мектепке жол” акциясы өтті. Шара аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мемлекеттік тапсырысы аясында “Ораз ахун” қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асырылды.

Акция барысында әлеуметтік тұрғыдан қолдауды қажет ететін, соның ішінде пробация есебіндегі азаматтардың 15 баласына мектепке қажетті құрал-жабдықтар берілді. Балаларға мектеп формалары, оқу құралдары, сөмкелер таратылды. Бұл қолдау жаңа оқу жылына дайындықты қамтамасыз етуге бағытталды.

Шара барысында «Ораз ахун» қоғамдық қорының төрағасы Ақтолқын Алтынбайқызы сөз сөйледі. Ол шараның ұйымдастырылуына қолдау көрсеткен барлық азаматқа алғыс білдіріп, мұндай игі шаралар балалардың білім алу мүмкіндігін арттырып, қоғамның әлеуметтік бірлігін нығайтуға үлес қосатынын атап өтті.

Көмек алған есептегі азаматтар пробация қызметкерлері мен ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

Бүгінгі науқанда балаларыма оқу құралдары берілді. Мектепке дайынбыз деп толық айта аламын. Өзім көпбалалы әкемін. Қазіргі қымбатшылық заманда барлық баламды оқуға дайындауға мүмкіндігім жетпейді.Сосын көмек алсам деген өтінішімді білдірдім. Пробация қызметкерлері зерделеп, мұқтаж екенімді ескеріп, көмек көрсетті.Бізге пробация қызметі әрдайым құқықтық, психологиялық,әлеуметтік көмектер көрсетеді, – дейді есептегі сотталған.

Қазіргі таңда Қармақшы аудандық пробация қызметінің есебінде 40 азамат есепте тұр. Есептегі тұлғаларға заң талаптарына сәйкес көмектер көрсетіліп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру