ШҚО полициясында отбасылық-тұрмыстық мәселелер жөніндегі қылмысты тергеу бойынша жиын өтті
ШҚО ПД-да отбасылық-тұрмыстық мәселелер жөніндегі қылмысты тергеу бойынша жұмыстың жай-күйі қаралды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл мәселе 8 тамызда департамент бастығының орынбасары Тақжанов Қазбектің төрағалығымен өткен жедел кеңесте қаралды. Осы жылдың 15 маусымында Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы күшіне енді, оған сәйкес отбасылық жанжал шығарушы деп танылғандарға қатысты қолданылатын Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 108-1, 109-1-баптары енгізілді.
– Тұрмыстық зорлық-зомбылық өткір және кең таралған әлеуметтік мәселелердің бірі саналады және тек отбасылық жағдайдың бұзылуымен ғана емес, сонымен бірге моральдық құндылықтардың жойылуымен де байланысты. Біздің міндетіміз зорлық-зомбылықтың алдын алу, жол бермеу және кінәлінің жазасын алғанын толық дәлелдеу, – деп атап өтті Тақжанов.
Кеңес барысында аталған санаттағы істерді тергеудегі негізгі түйткілді мәселелер қаралып, кеткен кемшіліктер бойынша бірқатар аумақтық бөлім басшылары тыңдалып, оларды жою жөнінде объективті тапсырмалар берілді.
Айта кетейік, 16 маусымнан бастап облыстық полиция департаментінің аумақтық бөлімшелерімен 52 отбасылық жанжалқор қылмыстық жауапкершілікке тартылды, оның 14-і сотқа жіберілді.