Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында ҚАЖД қызметкерлері интеллектуалды ойында бақ сынасты

Абай облысында ҚАЖД қызметкерлері интеллектуалды ойында бақ сынасты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаменті №19 мекеме қызметкерлері, Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Абайдың “Жидебай-Бөрілі” мемлекеттік музей-қорығының Абай күні мерекесіне орай ұйымдастырған “Абайды білмек парыз ойлы жасқа” атты әдеби интеллектуалды ойында бас жүлдені қанжығалады.


Шараға №19 мекеме қызметкерлерінен басқа, Абай облысы бойынша қазынашылық департаментінің, полиция департаментінің, төтенше жағдайлар департаментінің және Halyk банкінің қызметкерлері қатысты. 3 адамнан тұратын 5 команда Ұлы Абайдың өмірі мен өлеңдеріне, музыкалық шығармалары мен Абай есіміне қатысты сұрақтар мен тақырып желісіне сәйкес ребустарды қамтитын 5 сайыстан тұратын интеллектуалды ойында, қызметкерлер Абайтану бойынша үздік команда атанып, бас жүлдеге ие болды.

– Бүгінгі іс-шара Ұлы Абайдың туған күніне арнайы ұйымдастырылып, дара тұлғаның өнері мен шығармашылығын, жастар арасында насихаттау мақсатында өткізіліп отыр. Сайысқа түскен әр команда Абайды шын жақсы көріп, құрмет тұтатындарын көрсете білді, – дейді Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлім басшысы Маржан Бахатова.

– Мекеменің жеке құрам қызметкерлері жыл сайын Абай күнін атап өткенді ұнататын. Бұл күні мекемеде жеке құрам арасында әдеби монтаждар ұйымдастырылады. Биыл олар Абай туралы білімдерін сайыста сынады. Бұндай іс-шаралардың жеке құрамның идеологиялық тәрбиесінің ең негізгі шарттары деп білемін, – деп бөлісті №19 мекеме бастығының орынбасары Айдын Калелов.

Ойын соңында квизге қатысқан командалар Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сыйлықтарымен марапатталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру