Жетісу облысының полицейлері есірткіге қарсы профилактикалық іс-шаралар жүргізіп жатыр
Жетісу облысының аумағында есірткі саудасына қарсы күрес жөніндегі шараларды күшейту шеңберінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметкерлер мен тұрғындар арасында есірткі заттарының таралуына жол бермеуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар тоқтаусыз жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі А.Қожахметова Жетісу гарнизонының әскери полиция қызметкерлері Н.Зейтинов, А.Саметбаев және М.Айдарбекпен бірлесіп, Қаратал ауданының Жаңаталап ауылында орналасқан әскери бөлімде профилактикалық акция өткізді. Бұл іс-шараның мақсаты – жастар мен әскери қызметшілер арасында синтетикалық есірткілердің таралуына жол бермеу.
– Іс-шараға әскери бөлімнің жеке құрамының 72 қызметкері қатысты, олардың әрқайсысы есірткі қауіпіне қарсы іс-қимыл бойынша қажетті білім мен нұсқаулықтар алды. Осындай акция Қаратал ауданының Бастөбе ауылының әскери бөлімінде де өткізілгенін атап өту маңызды, онда іс- шараға 68 қызметкер қатысты, – деді ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Әйгерім Қожахметова.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері азаматтарды қырағылыққа және есірткімен күресте белсенді ынтымақтастыққа шақырады.