Ақтөбе заң институтында интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша семинар өтті
М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша семинар-кеңес өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың төрағалығымен өткен семинар-кеңеске ІІМ тергеу департаменті бастығының орынбасары Самат Аисов, прокуратура, сот, ҚМА өкілдері және банктердің қауіпсіздік қызметінің өкілдері қатысты.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев интернет-алаяқтық қазіргі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі болып қала беретінін хабарлады. Әсіресе, алаяқтардың алдауына және психологиялық әсеріне сенгіш және қаржылық сауаттылығы төмен қарт адамдар жиі түседі. М.Қожаев көп таралған интернет-алаяқтықтың түрлерін айтып, алаяқтардың IT-технологияларды жиі қолданатынына назар аударды.
ІІМ ТД бастығының орынбасары Самат Аисов интернет-алаяқтық бойынша қылмыстық істерді тергеудегі проблемалық мәселелерге тоқталды, бастапқы тергеу жедел іс-шаралар алгоритмі және дропперлердің жауапкершілігі туралы айтты. Кредиттік-қаржы ұйымының өкілі Құралбек Шарбақов қатысушыларды алаяқтықтың кең таралған схемалары туралы хабардар етті, сондай-ақ қаскөйлердің күн сайын алдаудың жаңа тәсілдерін ойлап табатынын түсіндірді. Ол банк қызметкерлерінің азаматтарға қоңырау шалу себептерін атады және қатысушыларға банктің нақты қызметкерін алаяқтан қалай ажыратуға болатынын айтты. Екінші күнге интернет-алаяқтыққа қатысты қылмыстық істерді тергеп жатқан тергеушілермен тактикалық және ситуациялық сабақтар өткізу жоспарланған.