Алаяқтың айласына алданбаңыз
Жыл басынан бері Алматы облысында мыңға жуық интернет-алаяқтық тіркелген. Бұл туралы Алматы облысы ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Рүстем Әбілханұлы мәлім етті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
10 тамыздан бастап "Қазақтелеком" АҚ-мен бірлесіп іске қосылған бірегей жүйе арқылы 90-нан астам азаматтың 30 миллион теңгеге жуық қаражаты алаяқтардан қорғалды.
Полиция азаматтарды барынша мұқият болуға және телефон арқылы келіп түсетін күмәнді қоңырауларға сенбеуге шақырады.
Алаяқтар көбіне асықтырып, қорқытып, психологиялық қысым көрсету арқылы SMS-кодтарды, банк картасының деректерін және өзге де құпия ақпараттарды алуға тырысады.
Күмәнді қоңырау келіп түскен жағдайда әңгімені бірден тоқтатып, ақпаратты өз бетінше тексеріңіз. Қаржылық мәселелер бойынша шешім қабылдамас бұрын жақындарыңызбен кеңесіңіз.
Полиция барынша мұқият болуға және алаяқтардың арбауына түспеуге шақырады.
