Елордада полиция пәтер ұрысын құрықтады
Елордада полиция пәтер ұрысын құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Құнды заттардың жоғалғанын пәтерге қызмет етіп жүрген үй жинаушы қызметкер анықтаған. Оның айтуынша, пәтердегі ретсіздікті бірден байқаған, заттар шашылып жатқан және көптеген заттар өз орнында болмаған. Қырағылық танытқан ол, дереу үй иелеріне хабарласып, полицияға жүгінген.
Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында, полиция қызметкерлері ұрлық жасаған 37 жастағы елорда тұрғынын анықтады. Ер адам пәтерге көрші үйдің қылтимасы арқылы кіргенін мойындады. Ол пәтерде жөндеу жұмыстарын өткізіп жүрген. Үй иелерінің жоқтығын пайдаланып, алтын әшекейлер, оның ішінде бриллиант бұйымдары мен қымбат алтын сағат ұрлаған.
Жедел іс-шаралар нәтижесінде зергерлік бұйымдар ломбардтан тәркіленді.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ер адам бұрын осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды.
Астана қалалық полиция департаменті азаматтарды қырағы болуға шақырады. Мүліктеріңіздің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөліп, кез келген күдікті әрекеттер орын алған жағдайда дереу 102 арнасына хабарласыңыздар.