Астанада алкогольдік масаң күйде көлік басқарған азамат ұсталды
Елордада мас күйде көлік басқарған жүргізуші 15 тәулікке қамалып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзу деректерін анықтау және олардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Полиция қызметкерлері алкогольдік масаң күйде көлік басқарып, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін жүргізушілерді анықтауға ерекше назар аударып отыр.
Мәселен, Серкебаев көшесінде полиция қызметкерлері Hyundai автокөлігін тоқтатты. Көлік тізгінінде 33 жастағы азамат болған.
Тексеру барысында жүргізушінің алкогольдік масаң күйде екені анықталды. Медициналық куәландыру қорытындысы оның орташа дәрежедегі масаң күйде болғанын растады.
Аталған дерек бойынша азаматқа қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік іс қозғалды.
Сот шешімімен жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды.
Полиция алкогольдік масаң күйде көлік басқару заң талаптарын өрескел бұзу ғана емес, сонымен қатар жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына төнетін үлкен қауіп екенін ескертеді. Мұндай құқық бұзушылықтар үшін заңнамада қатаң жауапкершілік көзделген.
