Шымкент полицейлері болашақ әріптестерін жаңа оқу жылына дайындады
Шымкент полицейлері болашақ әріптестерін жаңа оқу жылына дайындады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Александр Речинский – қалалық №1 өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының түлегі. Қазіргі таңда ол ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының 4-курс курсанты.
Оқу жылының басталуы қарсаңында қалалық полиция департаментінің бастығы Думан Таев болашақ офицерді жеке қабылдап, оқуға қажетті құрал-жабдықтар мен заттар табыстады.
– Азаматтардың құқықтарын, қауіпсіздігін қорғау мен қылмысқа қарсы күрес – мол жауапкершілікті талап ететін іс. Полиция қызметі қиын, бірақ өте маңызды. Сондықтан білім алып, дағдыларды дамытудан жалықпа. Әрдайым парасаттылық пен табандылық таныта біл. Таңдаған жолыңда батыл бол, – деді ПД бастығы.
– Департаменттің жеке құрамына үлкен алғысымды білдіргім келеді. Бізге әрқашан қолдау көрсетіп, көмектесіп жүргендеріңізге рақмет. Адал қызмет етуге уәде беремін!, – деп алғыс айтты болашақ офицер.
Александр жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін туған қаласында қызмет атқаруды жоспарлап отырғанын айтып, академияда оқыған жылдар оның нәтижелі кәсіби қызметінің кепілі болатынына сенім білдірді.
Айта өтейік, балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері 2019 жылдың басынан бері мегаполис полицейлерінің қамқорлығында. 5 жылдан астам уақыт тәртіп сақшылары оларға барынша көмек пен қолдау көрсетіп келеді және әрбір маңызды күні назардан тыс қалмайды. Орталықтың педагогтарының айтуынша, полицейлер балалардың жарқын болашаққа апарар дұрыс жолды таңдауына ықпал етуде. Ал балалар полиция қызметкерлері олар үшін ағаларындай қамқор екенін жеткізді.