Қызылорда облысында жаңа оқу жылы қарсаңындағы балалар қауіпсіздігі жайлы айтылды
Қызылорда облысында жаңа оқу жылы қарсаңындағы балалар қауіпсіздігі жайлы айтылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа оқу жылы қарсаңында полицейлер күшейтілген режимде жұмыс жасамақ.
28 тамызда өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ердаулет Жаукеевтың қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті. Брифинг барысында жаңа оқу жылы қарсаңында оқушылардың қауіпсіздігі туралы айтылды.
Мемлекет басшысы өз жолдауында “Біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз” деп нақты көрсетті және тиісті ұйымдастырушылық шаралар қабылдау үшін барлық мүдделі органдарға қажетті тапсырма берген болатын.
Балалардың қауіпсіздігі әрқашан басты назарда және оқу жылының басталуымен оған ерекше назар аударылады. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп балалардың қауіпсіздігі бағытында шаралар қабылдануда.
Осыған орай, полиция қызметі күшейтілген кестеге көшіріліп, 1-ші қыркүйек Білім күні барлық оқу ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 594 қызметкер және 139 автокөлік жұмылдырылатын болады.
Жаңа оқу жылының алғашқы күндерінен бастап, күнделікті мектеп алдындағы жол өткелдерінде балалар травматизмінің алдын алу мақсатында таңертең, түскі және кешкі уақытта ювеналды және патрульдік полиция инспекторлары қызмет атқаратын болады.
Республика көлемінде өтіп жатқан “Назар аударыңыз – балалар!” шарасы аясында облыстағы 335 мектептің аумағында жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарына, жол белгілері, жол үсті таңбаларына тексеру жүргізілді. Анықталған кемшіліктер бойынша жергілікті атқарушы органдарға 118 нұсқама, 18 ұсыныс-хабарлама жолданып, көліктің жылдамдығын мәжбүрлеп азайтуға арналған жасанды тегіс-еместіктің 54, жол белгілерінің 112 данасы қайта қалпына келтіріліп, жаңадан 62-і орнатылды. 308 жаяу жүргіншілер өткелінің таңбалары жаңартылды.
Кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалатын жол көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында тұрақты түрде профилактикалық шаралар қабылдануда ( «Абайлаңыз, балалар!», «Абайлаңыз, жаяу жүргінші!», «Балалар, жолда абай болыңдар!», «Мектепке жол»). Балалардың түнгі мезгілдегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін киімдерінде жарық қайтарғыш элементтер болуы қажеттігі жөнінде парақшалар таратылады.
Оқушылармен жол жүрісі ережелерін сақтауға және тасымалдау кезінде оларды ұстау құрылғыларын пайдалануды насихаттауға бағытталған аудио, бейнероликтер қоғамдық орындарда, автобустарда, кинотеатрларда көрсетілетін болады.
Жаяу жүргіншілердің кінәсінен болатын жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері – жүріс бөлігін белгіленбеген жерден және бағдаршамның тыйым салу сигналына өтуі, кенеттен жақын келе жатқан көліктің алдына шығуы. Көп жағдайларда, ата-аналар балаларды тасымалдау кезінде жол ережелерін бұза отырып, яғни балаларды ұстайтын құрылғыларсыз немесе бекітілмеген күйде тасымалдайды (автокреслолар, бустерлер, адаптерлер және т.б.).
Оқушылардың мекенжайы мен мектеп аралығындағы бағыты көрсетілген сызба жасап, жаяу жүргінші өткеліндегі полиция қызметкерінің сигналдарын үйретіп, тек тротуармен жүруді үйретуге шақырамыз! Сонымен қатар айта кететін мәсесе қазіргі заман ағымына сәйкес, балаларымыз электросамокаттар мен гидроскутерлерге қызығушылық танытуда. Осыған орай олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысымен жол жүрісі туралы заңнамаға өзгерістер енгізіліп, 2023 жылдың 30 тамызында күшіне енді.
Қабылданған Заңға сәйкес, электросамокаттар веложолдарда, жолдың жүріс бөлігінің оң жақ шетінде, оның ішінде маршруттық көліктерге арналған жолақтың бойымен бір қатарда 25 км жылдамдықпен қозғала алады және жүргізушілері 18 жастан жоғары, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар, шлемде болуы қажет.
Электросамокаттар тротуарда 6 км сағат жылдамдықпен қозғалады. Тәуліктің қараңғы уақытында электросамокат жүргізушілерінде жарық қайтарғыш элементі бар зат болуы қажет, яғни ол кез-келген киім болуы мүмкін, күртеше, қалпақ, жилет аяқ киім, рюкзак және арнайы жарық қайтарғыш ленталар. Электросамокатпен жолаушылар мен жүктерді тасымалдағаны үшін және жол жүрісіне қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік кодекстің 593 (шлемсіз басқару, жүк және жолаушы тасымалдау) және 620-бабымен(жүргізуші куәлігі жоқ) әкімшілік жауапкершілік қарастырылады. Тек жазалау шарасын қолданып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін емес.
Біздің басты мақсатымыз – адамның өмірі мен денсаулығын сақтап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы ретте жүргізушілердің назарына жылдамдықты межеден асырмай, жол ережелерін сақтап жүруге, жаяу жүргіншілер жол жағдайын ескеріп, тек белгіленген орыннан өту қажеттігін түсіндіреміз.