Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында ұлты өзге полицейлер арасында байқау өткізілді

5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай Түркістан облысы полиция департаментінде «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты тіл апталығы басталды. Осы апталық аясында «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» тақырыбында ұлты өзге полицейлер арасында мәнерлеп оқу байқауы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сайыстың мақсаты – полиция қызметкерлері арасында мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын арттыру және мемлекеттік тілді кеңінен насихаттау. Байқауға қатысушы өзге ұлт өкілдері өздерін қазақ тілінде таныстыра отырып, еліміздің белгілі ақын-жазушыларының шығармашылығынан жатқа өлең оқыды.

Өзге ұлт өкілдерінің тілге деген құрметінің шексіздігін танытқан бұл сайыста жүлделі І орынды Сайрам ауданынан келген учаскелік полиция инспекторы Азиз Убайдуллаев иемденсе, ІІ орынды Ордабасы аудандық полиция бөлімінің қызметкері Диас Абдазимов алды. Ал жүлделі ІІІ орын Арыс аудандық полиция бөлімі штаб тобының аға инспекторы Мади Крокусқа бұйырды.

Жеңімпаз полицейлерге департамент бастығының грамотасы мен бағалы сыйлықтар табысталды. Бұл шара келесі күні полицейлер арасындағы басқа байқаумен жалғасады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру