Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Арыс полицейлері мектептен үйіне қайтар жолда адасып қалған қызды іздеп тапты

Түркістан облысы Арыс қаласының полицейлері мектептен үйіне қайтар жолда адасып қалған қызды аман-есен тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

«102» жедел арнасына хабарласқан әйел 11 жастағы қызының із-түссіз жоғалып кеткенін жеткізген. Оның айтуынша, кешкі уақытта мектептен шыққан қызы сол күйі үйге келмеген.

Хабар түскен бойда Түркістан облысының полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізіп, қыз баланың жүруі мүмкін жерлердің барлығын түгел шолып шықты. Тоқтаусыз жүргізілген іздеу жұмыстарының нәтижесінде жасөспірім қыз жарты сағат ішінде көшелердің бірінде адасып жүрген жерінен табылды.

Белгілі болғандай, мектеп оқушысы жақында ғана отбасымен Шымкент қаласынан Арыс ауданына қоныс аударған. Содан күнделікті барып жүрген мектеп пен үй арасындағы жолдан адасып, басқа көшемен жүріп кеткен.

Қазіргі таңда жоғалып кеткен жасөспірім қыз үйіне қайтарылды. Қызымен аман-есен қауышқан анасы баланы іздестіруде шапшаңдықпен әрекет еткен Арыс ауданының полиция қызметкерлеріне алғысын айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру