СҚО-да сотталғандар туыстарымен жеті айдан кейін кездесті
СҚО-да сотталғандар туыстарымен жеті айдан кейін кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару департаментінің №48 мекемесінде су тасқынының салдарын жою бойынша жөндеу жұмыстары аяқталды, оның ішінде ұзақ кездесу бөлмелерінде де. ҚР ІІМ ҚАЖ Комитетінің, облыс әкімдігі мен прокуратурасының қолдауымен мекеме аумағын қалпына келтіру бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. Тоғыз сотталғанның отбасылары туыстарымен кездесті.
– Жеті айға жуық уақыттан кейін мен ұлыммен кездесуге келдім. Өкінішке қарай, су тасқынына байланысты бұл мүмкін болмады. Бірден жөндеу жұмыстары жүргізілгені сезіледі. Барлығы дерлік жаңа, жылытылған жұмсақ еден, жайлы бөлмелер, сотталғандар салған суреттер ілулі тұрғаны өте қуантады, – деді А. сотталғанның анасы.
Барлығы 15 жеке жатын бөлме, асүй, жуынатын бөлме, демалыс бөлмесі және балаларға арналған ойын алаңы жабдықталды. Туыстары мен сотталғандардың жайлы тұруы үшін жаңа жиһаз, ыдыс-аяқ және тұрмыстық техника алынды.
– Су тартылғаннан кейін біз бірден мекеме аумағындағы ғимараттарды жөндей бастадық, алғашқылардың бірі ұзақ уақытты кездесу бөлмелері болды. Еденді толығымен жаңадан төсеп, жылы болатындай жасадық. Қабырғалар жылу пушкаларымен кептіріліп, ретке келтірілді. Жалпы ғимаратқа толыққанды жөндеу жүргізілді. Барлық бөлмелер жайлы болатындай жабдықталған, – деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары Әсет Құсайын.
ҚР қылмыстық-атқару кодексінің 106-бабына сәйкес сотталғандарға ұзақтығы екі сағат қысқа мерзімді және мекеме аумағында ұзақтығы екі тәулік болатын ұзақ мерзімді кездесулер беріледі.