Абай облысының ҚАЖД қызметкерлері қарттарға мерекелік тарту жасады
Абай облысының ҚАЖД қызметкерлері арнаулы-әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызмет алушыларына мерекелік тарту жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында қауіпсіздігі аралас мекеме қызметкерлері, Семей қаласының №3 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының “белсенді ұзақ өмір бөлімшесінде” қызмет алушы қарттарға, 1 қазан Халықаралық қарттар күніне орай мерекелік тарту жасады.
Қызметкерлер осы айдың 22-сі күні, қаланың сол жағалауында ашылып, іске қосылған орталықтың тағы бір нысанында қызмет алушы қарттарды мерекемен құттықтап, тарту жасады.
Орталық мамандарының айтуынша, атаулы орталықта мекеменің бірнеше қызметкерлерінің аналары мен ата-апалары қызмет алады. Мақсаты – егде жастағы адамдардың бос уақытын ұйымдастыру, белсенді қоғамдық қызметке, волонтерлік қызметке тарту, олардың өзін-өзі жүзеге асыруына және сұранысқа ие болу сезіміне ықпал ету, ұрпақтар арасындағы өзара әрекеттестік пен өзара көмекті дамыту болып табылатын орталық Семей қаласында 2022 жылы ашылған екен.
Емдік дене шынықтыру, скандинавтық серуендеу, домбыра үйірмесі, көркем оқу және театр шеберлігі үйірмесі, еңбек терапиясы, маман массажы, мобильді сауат ашу үйірмесі, қазақ тілін үйрену үйірмесі, медициналық, психологиялық қызметтер және би үйірмесі сияқты қызметтерді, қала қарттары таңғы сағат 09:00-ден кешкі сағат 18:00-ге дейін тегін ала алатын орталық мамандарының жұмысы қызметкерлерді таң қалдырды.
– Қарттардың өмірге деген құлшыныстары мен қызығушылықтары жас қызметкерлерді таң қалдырып қана қоймай, үлгі болды. Бүгінгі іс-шараға қатысқан жас қызметкерлер қариялардың батасын алып, қуанып қайтты, – деді кадр жұмысы бөлім бастығы Дидар Жумаханова.
Қалада орталықтың барлық нысандарын қоса алғанда 316 қарт қызмет алады.