Жетісуда полицейлер оқушылар арасында нашақорлықтың алдын алу бойынша кездесу өткізді
Жетісуда полицейлер оқушылар арасында нашақорлықтың алдын алу бойынша кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын орындау аясында облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы “Қос қанат” ҮЕҰ бірлесіп оқушылар арасында профилактикалық кездесу өткізді. Іс-шара Талдықорған қаласындағы №13 орта мектепте нарколог-дәрігердің қатысуымен өтті.
Кездесудің негізгі мақсаты – оқушылар арасында нашақорлықтың алдын алу және есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдарын түсіндіру болды. Іс-шара барысында мамандар есірткіні өткізу, интернет-дүкендерді жүргізу, есірткіні тарату және заңсыз айналымына байланысты басқа да қылмыстарға қатысқаны үшін қылмыстық жауаптылық түрлері туралы түсіндірме әңгіме жүргізді.
Кездесудің ұмытылмас сәттерінің бірі оқушылардың өздері дайындаған театрлық қойылымы болды. Көріністе есірткіні қолдану мен өткізудің салдары айқын көрсетілді, бұл балаларға мұндай әрекеттерден бас тартудың маңыздылығы туралы тағы бір рет ойлануға мүмкіндік берді.
Іс-шараға 80 оқушы қатысып, сұрақтар қойып, талқыланған тақырыптарға белсенді қызығушылық танытты.