Алматы полициясы тұрғындарды абаттандыру ережелерін бұзбауға шақырады
Алматы полициясы тұрғындарды абаттандыру ережелерін бұзбауға шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінгі таңда құқық бұзушылықтың алдын алудың бір тұтқасы – әкімшілік құқық бұзушылықтардың дер кезінде жолын кесу, сондай-ақ олардың жасалуына мүлдем төзбеушіліктің көрінісі. Мемлекет басшысының барлық, тіпті болмашы құқық бұзушылықтарға да төзбеушілік ахуалын қалыптастыру жөніндегі тапсырмасының орындалуы ерекше бақылауда.
– Бұл саланың маңызы ерекше, өйткені қоқыс тастау сияқты ұсақ құқық бұзушылықтарды жасағандарды жазаламау, азаматтардың болашақта аса ауыр әрекеттер немесе қылмыстар жасауына әкеліп соғуы мүмкін. Сондай-ақ ұсақ құқық бұзушылықтардың жолын кесуде қаладағы заңдылық пен құқықтық тәртіптің жай-күйіне бей-жай қарамайтын азаматтық қоғамға ерекше рөл берілгенін айта кеткен жөн. Белсенділер әдетте өздеріне белгілі деректерді БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы хабарлайды. Осыған байланысты жоғарыда аталған ресурстарға кеңінен мониторинг жүргізіп жатырмыз, – деп атап өтті Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев.
Осы жылдың басынан бері қылмысқа мүлдем төзбеушілік қағидатын іске асыру аясында қаланы абаттандыру ережелерін бұзғаны және қоғамдық орындарды ластағаны үшін 36 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.