Түзеу мекемесінің әкімшілігі ұстаздарды мерекемен құттықтады
Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №31 мекемесінің әкімшілігі мен сотталғандар ұстаздарды мерекемен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жалпы, түзеу мекемелеріндегі мектептердегі мұғалімнің жұмысы қарапайым мектептерден ерекшеленеді, себебі ТМ әкімшілігі мектеп мұғалімдері мен қызметкерлеріне ерекше талаптар қояды: педагогикалық тұрғыдан қараусыз қалған оқушылармен жұмыс істей алатын мұғалімнің жоғары кәсібилігі болу керек; оқуда үлкен үзілісі бар оқушылармен жұмыс жасай білуі қажет. Кез келген ұстазға мұндай талаппен еңбек ету оңайға соқпайтыны белгілі.
Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №31 мекемесінде №10 мектеп мұғалімдері мен №1 колледж оқытушыларына арналған мерекелік концерт өтті.
– Сіздердің мамандықтарыңыздың қаншалықты қиын екенін білеміз, сондықтан бізбен бірге өткізген күндеріңізді әрқашан бағалаймыз. Еңбектеріңіз елене берсін, – деді мекеменің тәрбие жөніндегі бастықтың міндетін уақытша атқарушы А.Есмағамбетов.
Жоғары кәсібиліктері, еңбекқорлығы үшін мақтау қағаздарымен марапаттау үшін ТМ №10 мектебінің директоры А. Мұстафин әріптестеріне алғыс сөздерін айтты.
– Шынында да, мұғалім – бұл жай ғана мамандық емес, біздің басты мақсатымыз – барлық оқушының сапалы білім алуына үлес қосу және мүмкіндіктер жасау, – деді ол.
Сотталғандар Ұстаздар күніне орай концерт қойды. Олар осы шығармашылық кештің жақсы өтуі үшін үлкен жауапкершілікпен дайындалды. Мұғалімдер ерекше көңіл-күй сыйлаған оқушыларына алғыс айтты.