Алакөлдегі туристік маусым: полиция жол қауіпсіздігін күшейтуде
Абай облысында Алакөл көлі жағалауындағы туристік маусымға дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Демалыс кезеңінде көлік ағынының күрт артуы күтілуіне байланысты полиция қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді профилактикалық және ұйымдастырушылық шараларды қолға алды.
Тәртіп сақшылары туристік аймаққа апаратын автожолдардың жағдайын тексеріп, жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін қауіпті учаскелерге талдау жүргізуде. Сонымен қатар жол белгілерін орнату және қалпына келтіру жұмыстары ұйымдастырылып жатыр. Әсіресе ескерту белгілеріне, жылдамдықты шектеу талаптарына, қауіпті бұрылыстар мен көлік қозғалысы қарқынды учаскелерді белгілеуге ерекше назар аударылуда. Өйткені алдағы уақытта Алакөл бағыты өңірдегі ең қозғалысы тығыз трассалардың біріне айналмақ.
- Жыл сайын жаз мезгілінде Алакөл бағытымен қатынайтын көліктер саны бірнеше есе артады. Бұл жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстарын күшейтіп, бақылауды арттыруды талап етеді. Барлық шаралар "Заң мен Тәртіп" қағидаты аясында жүзеге асырылып, ең алдымен азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған, — деді Абай облысы полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияров.
Абай облысы полиция департаменті жүргізушілерді жолға шығар алдында көліктің техникалық жағдайын мұқият тексеруге, жылдамдық режимін сақтауға, арақашықтықты ұстануға, қарсы жолаққа шықпауға және жол белгілерінің талаптарын қатаң орындауға шақырады.
