Ақтөбе облысында сотталғандар арасында байқау өткізілді
Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде сотталғандар арасында қолданбалы өнер бұйымдарын жасаудан “Үміт – 2024” байқауы өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы жолы байқауда облыстың №9 мекемесінің жазасын өтеушілері бақ сынады. Жарысқа алты сотталған қатысты. Оның ішінде екі сотталған әйел бар. Бір қатысушы сурет салса, бесеуі пластиктен жасалған қобдиша, ағаштан және темірден жасалған киім ілгіштер, матадан қазақи оюлармен өрнектеп жастық, көрпешелер тіккен болатын.
Үздік жұмыстардың авторлары жүлделі орындарға ие болды.
Аталған іс-шараны өткізудегі басты мақсат – сотталғандардың бос уақытын тиімді пайдалану және моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыру.
– Байқау барысында сотталғандар бұйымдарды жасау кезінде әртүрлі материалдар мен техниканы қолданды. Әрбір жұмыс автордың мінезін ғана емес, сонымен қатар оның өмірге деген көзқарасын, отбасылық құндылықтарын, әлеуметтену процесін көрсетеді, – деп атап өтті ұйымдастырушылар.