«Киберқауіпсіздік»: Абай облысының полициясы мұғалімдерге арналған профилактикалық іс-шара өткізді
Абай облысы полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасы №38 мектеп мұғалімдерімен интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында профилактикалық кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара азаматтарды киберқылмыстардан қорғау және ақпараттандыру деңгейін арттыру бағытында ұйымдастырылды.
Кездесу барысында киберполиция өкілдері интернет-алаяқтықтың негізгі түрлері, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі қауіпсіздік шаралары туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Олар өсіп келе жатқан ұрпақтың киберсауаттылығы мен цифрлық мәдениетін дамыту қажеттілігін ерекше атап өтті.
Мұғалімдерге мектептегі тәрбие жұмысына қатысты практикалық ұсыныстар беріліп, сынып сағаттары мен ата-аналар жиналыстарын ұйымдастыруға арналған материалдар ұсынылды.
– Педагогтар балаларды киберқатерлерден қорғауда маңызды рөл атқарады. Бүгінгі кездесу – балаларымызға қауіпсіз интернет кеңістігін қалыптастыруға бағытталған ортақ жұмыстың бір маңызды қадамы, – деп атап өтті Абай облысы ПД криминалдық полиция басқармасының киберқылмыстармен күрес тобының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Тимур Ельчубаев.
Осындай профилактикалық кездесулер қаладағы білім беру мекемелерімен жыл бойы жалғасады.