Түркістан облысында полиция жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактиканы күшейтті
Түркістан облысында полиция жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактиканы күшейтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов жасөспірімдер арасындағы қылмыс, құқық бұзушылықтарға тосқауыл қою бағыттағы шараларды ұдайы бақылап отырады. Сондай-ақ бұл мәселені күн тәртібінен түсірмей, жеке құрамға жүйелі жұмыс жасауды тапсырады.
Осы мақсатта Келес ауданындағы №22 Зиябек Рустемов атындағы жалпы орта мектебінде ауқымды жиын өтті. Оқушылармен кездесуге Түркістан облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ермек Өсербаев арнайы барып қатысты.
Полиция білім мекемесінің жоғары сынып оқушылармен кездесуде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың, суицидтің, әлімжеттіктің (буллинг) алдын алу бойынша дәріс өтіп, мұндай теріс әрекеттер үшін заң аясында қарастырылған жауапкершілік барын түсіндірді. Оған қоса мектептегі қауіпсіздік жай-күйі толық тексерілді.
Сондай-ақ аудан әкімшілігінде жергілікті атқарушы орган өкілдері, білім бөлімінің басшылары, ата-аналармен кездесіп, бала тәрбесі, оның жауапкершілігі туралы сөз қозғалды. Бірлесіп профилактикалық іс-шаралар жүргізуге, қадағалауды күшейтуге шақырды. Ал білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне кәмелетке толмағандардың қылмыстық не әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасауы немесе оларға қатысты жасалу фактілері туралы құқық қорғау органдарына хабарламаған жағдайда шара қолданылатыны ескертілді.
Дөңгелек үстел соңында мемлекеттік мекеме мамандары, ата-аналар әрбір жасөспірімнің қауіпсіздігі жолында жұдырықтай жұмылып жұмыс жасауға уағдаласты.