Жетісу облысында синтетикалық есірткі сақтаған күдікті ұсталды
Жетісу облысында синтетикалық есірткі сақтаған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменті бірлесіп, сотқа дейінгі тергеу барысында аса ірі көлемде синтетикалық есірткі заттарын сақтауға қатысы бар 33 жастағы күдікті ер адамды ұстады.
Ұстау кезінде күдікті жиналмалы пышақ қолданып, құқық қорғау қызметкерлеріне қарсылық көрсеткен. Алайда «Арлан» арнайы жасағының қызметкерлері кәсіби шеберліктерін көрсетіп, күдіктіні сәтті қолға түсірді. Жиналмалы пышақ заттай дәлел ретінде тәркіленді.
Күдіктінің тұрғылықты жерін тінту барысында ерекше иісі бар ақ түсті ұнтақ табылып, тәркіленді. Сот-химиялық сараптама нәтижесінде бұл заттың синтетикалық есірткі – мефедрон екені анықталды. Есірткінің жалпы салмағы шамамен 6 граммды құрайды.
Қазіргі уақытта күдіктіге қамауға алу бұлтартпау шарасы қолданылып, тергеу амалдары жалғасуда.