Жетісуда интернет-алаяқтықтың алдын алу шаралары жалғасып жатыр
Жетісуда интернет-алаяқтықтың алдын алу шаралары жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысының полиция департаменті қылмыстық іздестіру басқармасы интернет-алаяқтыққа қарсы күрес бойынша халықты ақпараттандыру және оқыту мақсатында денсаулық сақтау мекемелерінде кең көлемді алдын алу жұмыстарын жүргізді.
Бұл науқан барысында түрлі интернет-ресурстар мен бұқаралық ақпарат құралдарында интернет-алаяқтықтың алдын алуға арналған 750 бейнеролик жарияланды. Аталған материалдар интернеттегі қауіпті жағдайлар туралы тұрғындардың хабардарлығын арттыруға және оларды қорғау шараларымен таныстыруға бағытталған.
Жұмыстың басты нәтижелерінің бірі – кибербақылау құрылғылары арқылы жыл басынан бері 245 күдікті сайтты бұғаттау болды, бұл интернет алаяқтық әрекеттерінің санын айтарлықтай төмендетті.
Полиция интернетті пайдалану барысында сақ болуға шақырады. Ешқашан жеке деректеріңізді үшінші тұлғаларға бермеңіз, тіпті егер олар банк немесе басқа да мекемелердің ресми өкілдері ретінде хабарласса да.
Сондай-ақ интернет-банкингтің қауіпсіздік мүмкіндіктерін пайдаланып, онлайн аударымдарды шектеу маңызды. Әсіресе, интернеттегі алаяқтық құрбаны болу қаупі жоғары аға буын өкілдеріне көмек көрсетіп, оларды алаяқтардан қорғау – әр азаматтың міндеті.
Өзіңізді және қаржылық активтеріңізді қорғау үшін барлық сақтық шараларын ұстаныңыз!