Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ғибратты ғұмыр иесіне құрмет. Қызылорда облысында «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылды

Қызылорда облысында қызмет бабында қаза болған полицейдің құрметіне «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы №47 М.Ломоносов атындағы мектеп-лицейінде  Отан алдындағы парызын өтеген батыр да, қайсар милиция лейтенанты Бектұрсынов Есентұрсын Бектұрсынұлы атындағы «Жас сақшы» полиция сыныбының ашылу салтанаты өтті.

Салтанатты шараға Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Оралбек Омаров, Шиелі ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Болатхан Мұханов, Шиелі ауданы полиция бөлімі Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақтияр Шәкірбекұлы, ардагер Оңғар Шығанбаев, сот саласының ардагері Тұрмағамбет Баймағамбетов, аудандық білім бөлімінің қызметкерлері және оқушылар қатысты.

Шараны Оралбек Омаров құттықтау сөзімен ашып, жас өрендердің болашақта құқықтық тәртіпті сақтауда елдің лайықты азаматтары болатынына сенім білдірді. Ол «Жас сақшы» полиция сыныбының мақсат, міндеттеріне тоқталып, ант қабылдау рәсімінде жас сақшыларға куәліктерін табыстады. Іс-шара барысында ақырғы демі қалғанша антына адал болған қаһарман Бектұрсыновтың өмір жолы туралы деректер айтылып, жиналған көпшілікке оның ерлігі дәріптелді.

Есентұрсын Бектұрсынов 1945 жылдың 22 тамызында Қызылорда облысының Шиелі ауданы «Коммунизм» колхозында дүниеге келген. 1964 жылы Қарулы күштер қатарына шақырылып, қызмет атқарып келгеннен кейін 1968 жылдың мамыр айында  Қызылорда облысы Шиелі стансасындағы желілік милиция пунктінің милиционері болып тағайындалған. 1991 жылдың ақпан айынан бастап Қызылорда облысы Тереңөзек, Шиелі аудандық ішкі істер бөлімдерінде учаскелік милиция инспекторы қызметін атқарған. 1992 жылдың 24 шілдесінде қызметтік міндетін атқару барысында мезгілсіз қаза болды.

«Тәртіпке бағынған құл болмас” дегенді ұстана жүріп, қызметінде адал ерлікпен есте қалған Бектұрсынов Есентұрсын Бектұрсынұлы көрсеткен ерлігі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен наградталды.

– Ер есімі – ел есінде. Соңғы демі қалғанша антына адал болған әріптесіміздің ғибратты ғұмыры мен жанқиярлық ерлігі туралы сыр шертетін  «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылып отыр. Батыр әріптесіміздің ерлігі – барлығымызға үлгі, әрі мақтаныш, оның есімі әрдайым жүрегімізде. Кейінгі өсіп келе жатқан жас ұрпақ батыл да, қайсар ағаларының ерлігінен үлгі алып, бой түзейді, – деді О.Омаров.

Шара соңында арнайы жасақ қызметкерлері жауынгерлік күрес тәсілдерін көрсетіп, жас өрендер өнерлерін паш етті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру