Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шығыс Қазақстан облысында Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтті

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінде Республика күні салтанатты түрде аталып өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінде Республика күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Қазақстанның тәуелсіздікке жетер жолындағы тарихи сәттерін бейнелейтін мерекелік шараға ішкі істер органдарының ардагерлері, «Жас сақшы» сыныбының жас кадеттері, департамент басшылығы мен қызметкерлері қатысты.

Жиналғандарды құттықтай отырып, облыс департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков: «1990 жылдың 25 қазаны еліміз үшін айтулы күн, баға жетпес құндылық. Бұл егеменді мемлекет құру жолындағы алғашқы қадам. Бүгінде біз саяси және экономикалық салаларда қол жеткізген табысты жетістіктерімізді, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық аренада танылуын мақтанышпен айта аламыз. Қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде ішкі істер органдарының осы жетістіктерге қосқан үлесі зор»,  — деп мерекенің маңыздылығын атап өтті.

Марапаттау рәсімінде салтанатты түрде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен департамент бастығының бұйрықтары жарияланды. Қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып, жоғары нәтижелерге қол жеткізген тәртіп сақшыларына алғыс хаттар мен грамоталар табысталды.

Төрт қызметкерге мерзімінен бұрын арнаулы атақ берілсе, тағы төрт қызметкерге бір саты жоғары атақ берілді. Сонымен қатар ішкі істер органдарының сегіз қызметкері «Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен, үшеуі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен, ІІО тоғыз ардагері ҚР Алғыс хатымен марапатталды. 26 қызметкер облыстың бас полицейінің алғыс хатына ие болды.

Мерекелік шара барысында облыстық филармония жұлдыздары мен полиция қызметкерлерінен құралған хор оркестрі отаншылдық бағыттағы әндер шырқап, бишілер өз өнерлерімен көрермендерді серпілтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру