Астанада полицейлер бірнеше ұрлық фактісіне қатысы бар күдіктіні құрықтады
Астанада полицейлер бірнеше ұрлық фактісіне қатысы бар күдіктіні құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кешкі уақытта тұрғын үйлердің бірінің автотұрағында белгісіз адам автокөліктердің тұтқаларын тартып көріп, есігі ашық қалған көлікті іздеген. Ол жүксалғышы ашық тұрған LADA көлігін байқаған. Қолайлы сәтті пайдаланып, күдікті жүксалғышты ашып, салонға кіріп, магнитофонды ұрлап кеткен.
Содан кейін ол ұрлық орнынан жасырынып, көрші үйдің ауласынан бекітілмеген велосипедті көріп, оны да ұрлап, екі дөңгелекті көлікпен қашып кетеді.
Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында Нұра ауданы ПБ қызметкерлері елорданың 31 жастағы тұрғынын анықтады. Ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оның бұрын жасалған осыған ұқсас ұрлықтарға қатыстылығы анықталуда.
Елордалық полиция азаматтарға мұқият болуды ескертеді. Көлік есіктерін ашық қалдырмаңыз, велосипедтерді қалдырар кезде сенімді құлыптарды қолданыңыз. Егер сіз күдікті әрекеттерге куә болсаңыз, дереу «102» арнасына хабарлаңыз.