Астанада ҚР ІІМ Ұлттық ұлан сарбаздары стадионда шыққан өртті ауыздықтады
Астанада ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері жоғалған смартфонды тауып, стадионда шыққан өртті ауыздықтап, жоғары кәсібилік танытты. Олардың қырағылығы мен жедел әрекеттерінің арқасында ауыр зардаптарға жол берілмеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде елорданың Алматы ауданында сағат 19:35 шамасында әскери жасақ бастығы Рысали Алыханов және патрульші сарбаздар қатардағы Алдияр Сағынтаев пен Әлинұр Дәулетханов IPhone 13 телефоныy тауып алды.
Ұландықтар бірден байланыс құралдары арқылы әскери жасақтар бойынша кезекші кіші сержант Нұрсұлтан Құрбанға хабарлап, телефон иесін іздеуге кірісті.
Көп ұзамай телефон иесі анықталып, сарбаздар шақырған жерге барды. Әскери қызметкерлер өз кезегінде табылған телефонның келген адамға тиесілі екенін анықтап, оған табыстады.
Сол күні Сарыарқа ауданы көшелерінің бірінде әскери жасақ бастығы Диас Омаров, патрульдік сарбаздар Абзал Ерғали және Самандар Хасанов қызмет бағдарында келе жатып стадионда өрт шыққанын байқады.
– Өртті көрген бойда жағдайды бағалап, оттың таралуын болдырмау және өрт сөндірушілер мен полиция жасағы келгенге дейін азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін стадионның жанын қоршауға алдық, – дейді жасақ бастығы Диас Омаров.
Ұландықтардық хабарлауымен оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер тілсіз жаудың ошағын оқшаулап, тоқтатты.
Осылайша, барлық қызметтің кәсіби әрекеттерінің арқасында өрттен ешкім зардап шекпеді. Қазіргі уақытта өрттің нақты себебін анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр.