Жетісу мектептерінде есірткі қолданудың алдын алу шаралары ұйымдастырылды
Талдықорған қаласындағы №12 мектеп-гимназиясында 8-11 сынып оқушыларының ата-аналарына арналған маңызды кездесу өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл іс-шараны полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы (ЕҚҚІҚБ) Прокуратура, Білім басқармасы, “Қос қанат” үкіметтік емес ұйымы және психикалық денсаулық орталығының мамандарымен бірлесіп ұйымдастырды.
Кездесу барысында ата-аналарға есірткінің заңсыз айналымына байланысты құқықбұзушылықтар туралы және синтетикалық есірткі қолданудың жасөспірімдердің өміріне төндіретін ауыр қауіп-қатері туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сондай-ақ оқушылар арасында есірткі қолдануды ерте кезеңде анықтау үшін ерікті түрде скринингтік тексеру жүргізу ұсынылды. Осы мақсатта сауалнама ұйымдастырылып, оған 120 ата-ана қатысты. Ата-аналардың басым бөлігі бұл бастаманы құптап, қолдау білдірді.
Білім басқармасы бұл тәжірибені кеңейтіп, барлық мектептерде осындай сауалнамалар мен алдын алу іс-шараларын өткізуді жоспарлап отыр. Кездесу соңында ата-аналар құнды кеңестер мен пайдалы ақпарат үшін ұйымдастырушыларға алғыс айтып, ризашылықтарын білдірді.
Жетісу облыстық ПД ЕҚҚІҚБ өкілдері ата-аналарды балаларына көбірек көңіл бөлуге, оларды есірткіден қорғауға шақырды. Жастарды салауатты өмір салтына баулу мақсатында оқу жылының соңына дейін Талдықорған қаласы мен облыс аудандарындағы басқа да мектептерде осындай кездесулер өткізу жоспарланғанын мәлімдеді.