Атырауда заңсыз вейп сатқан дүкен иесіне қылмыстық іс қозғалды
Атырауда заңсыз вейп сату фактісі бойынша дүкен иесіне қылмыстық іс қозғалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау қаласында “Учаске” жедел профилактикалық іс-шарасы аясында құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау және жолын кесу мақсатында әкімшілік аумақтарды аралау жүргізілді. Осы шара барысында №1 қалалық полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары қала аумағында орналасқан темекі өнімдерін сататын дүкеннің заңсыз вейп сату фактісін анықтады. Полицейлер дүкеннен 28 дана тыйым салынған электронды темекіні тәркілеп, дүкен иесіне қатысты қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Айта кетерлік жайт, 2024 жылдың 20 маусымынан бастап Қазақстанда вейптерді сатуға заңды түрде тыйым салынған болатын. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 301-1-бабына сәйкес, мұндай құқықбұзушылық жасаған тұлғалар 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл төлеуден бастап, 50 тәулікке дейін қамауға алынуға дейінгі жауапкершілікке тартылады.