Қызылордада полицейлер көркем гимнастикадан жарыс ұйымдастырды
Қызылордада полицейлер көркем гимнастикадан жарыс ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ұйымдастыруымен «Спорт – есірткіге қарсы!» ұранымен көркем гимнастикадан жарыс өтті. Көркем гимнастикадан өткен жарыста жаңадан бастаған спортшылардан тәжірибелі спорт шеберлеріне дейін әртүрлі жастағы спортшылар өнер көрсетті.
Олар жеке және топтық жаттығуларда жарысты. Жарыс барысында қыздардың шеберліктерін қазылар алқасы орындау, жаттығудың қиындығы және әртістік сияқты аспектілер бойынша бағалады. Жарыс қорытындысы бойынша спорт шеберлері, спорт шеберлігіне үміткерлер және 2013 жылғы гимнастшылар топтары үздік деп танылды.
Бұл байқаудың мақсаты – балаларда, жасөспірімдерде және жастарда психоактивті заттардың таралуы мен қолданылуына теріс көзқарасты қалыптастыру, салауатты және қауіпсіз өмір салтын қалыптастыру.
Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.