Ақмола облысында жолаушылар пойызы ірі қара малды қағып кетті
Ақмола облысында жолаушылар пойызы ірі қара малды қағып кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері көліктегі полиция департаментінде пойыздардың шұғыл тежелуінің 1993 фактісі тіркелді. Темір жолда үй жануарларын басып кетудің 1526 дерегі орын алды, оның ішінде 496 бас жылқы, 323 бас ірі қара мал және басқалар.
Мәселен, Ақмола облысының Тасты – Талды – Баранкөл аралығында Арқалық – Қостанай бағытындағы жолаушылар пойызының машинисі теміржолда ірі қара малдың болуына байланысты шұғыл тежеуді қолданды. Соқтығысудың алдын алу мүмкін болмады, нәтижесінде 3 ірі қара малды қағып кетті. Жоспарланбаған пойыз тұрағы 18 минутты құрады.
Тексеру барысында Астана станциясындағы желілік полиция басқармасының қызметкерлерімен үй жануарларының иесі, Арқалық қаласының 54 жастағы тұрғыны анықталды. Ер адам темiржолдардың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Көлік полицейлері шаруа қожалықтарының иелеріне қауіпсіздік шаралары туралы ескертеді және теміржол маңында жануарларды жаю кезінде мұқият болуларын сұрайды.