Алматы облысында полиция мал базарлардағы бақылауды күшейтті
Алматы облысында полиция мал базарлардағы бақылауды күшейтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысының полицейлері өткен демалыс күндері заң бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мал базарларында ауқымды тексерулер ұйымдастырды. Рейд барысында жануарларға арналған құжаттар, санитарлық нормалардың сақталуы, сауда ережелері мен малды ұстау шарттары жіті тексерілді.
– Жануарларды заңсыз сату, санитарлық-ветеринарлық талаптарды бұзу және құжаттарды қолдан жасау фактілерін анықтауға ерекше назар аударылды. Бұл жағдайлар тек тұтынушылардың денсаулығына қауіп төндіріп қана қоймай, адал сатушылар мен фермерлерге де айтарлықтай зиян келтіреді, – деп атап өтті Алматы облысы Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Нұржан Кеңесханұлы.
Тексеру шаралары ветеринарлық қызмет өкілдерімен бірлесе жүргізілді. Сонымен қатар, полиция өнімді таңбалау ережелерінің бұзылу фактілерін де тіркеді, себебі бұл оның заңсыз айналымын көрсетуі мүмкін.
Мұндай шаралар мал ұрлығының алдын алуға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және ауыл шаруашылығы өнімдерінің заңсыз айналымын болдырмауға бағытталған.
Жыл басынан бері полицейлер мал мен ет өнімдерін тасымалдау және өткізу қағидаларын бұзумен байланысты 249 құқық бұзушылықтың алдын алғанын, сондай-ақ мал жаю ережелерін бұзғаны үшін 1 мың 121 мал иесін жауапқа тартқанын атап өткен жөн.Құқық қорғау органдары тұрғындарды сергек болуға және күдікті әрекеттер туралы дереу хабарлауға шақырады. Полиция органдарына тұрғылықты жері бойынша немесе “102” нөмірі арқылы жүгінуге болады.