Ақмола облысында есірткіге мас күйінде көлік басқарған жүргізуші ұсталды
Ақмола облысында есірткіге мас күйінде көлік басқарған жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
16 қарашада Қосшы қаласының патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізушіні тоқтатып, оның есірткіге мас екенін анықтады.
Тексеру барысында 33 жастағы ер адамның 2024 жылдың маусым айында 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды. Полиция қызметкерлері жүргізушінің күдікті әрекетін байқап, оны медициналық тексеруге жіберді. Сараптама нәтижелері оның есірткіге мас күйде көлік жүргізгенін растады.
Аталған дерек бойынша қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл бап көлік басқару құқығынан айырылған және масаң күйде көлік құралын басқарған тұлғаларға қатаң жауапкершілік қарастырады.
Полиция департаменті тағы да көлік құралын есірткіге немесе алкогольге мас күйде басқарудың ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Мұндай әрекеттер тек жүргізушінің өміріне ғана емес, жол қозғалысына қатысатын барлық азаматтардың қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіреді.
Есірткі немесе ішімдікке елітіп, көлікке отыру – тек өзіңді ғана емес, айналаңдағы ондаған, тіпті жүздеген адамның өмірін қатерге тігу екенін әрбір жүргізуші ұмытпауы тиіс. Жоғары жылдамдықта немесе көлік қозғалысы тығыз жерлерде мұндай жауапсыздық ауыр апаттарға әкелуі ықтимал.
Әрбір адам жолға шыққанда өз өміріне, жолаушылар мен басқа қатысушылардың амандығына жауапты екенін терең сезінуі қажет. Қауіпсіздік – барлығымыз үшін ортақ міндет!