Атырауда мектеп ұжымына интернет-алаяқтықтан сақтану жолдары туралы жиын өтті
Атырауда мектеп ұжымына интернет-алаяқтықтан сақтану туралы жиын өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
19 қараша күні Атырауда интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында криминалдық полиция басқармасы киберқылмысқа қарсы күрес тобының қызметкерлері мен “Binom” мектебінің мұғалімдерімен кездесу өткізді. Іс-шара барысында полицейлер оқушыларды және олардың ата-аналары, мұғалімдерді интернет алаяқтарынан қалай сақтану керектігі туралы ақпараттандырды.
Кездесуде тәртіп сақшылары интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері, сонымен қатар осы қылмыстың құрбаны болмау үшін жасалатын қадамдар туралы айтып берді. Олар әлеуметтік желілерде, онлайн дүкендерде және басқа да интернет алаңдарында жеке деректерді қорғау, күмәнді сілтемелерге баспау, сондай-ақ интернет арқылы қаржы транзакцияларын жүзеге асырған кезде сақ болу қажеттігіне тоқталды.
– Қазіргі таңда интернет-алаяқтық қарқынды дамып келеді. Біз мектеп мұғалімдерін, ата-аналарды және балаларды осындай қылмыстардан сақтандыру мақсатында шаралар жүргізіп, әртүрлі тренингтер мен түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырамыз, – деді Атырау облысы ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Сәдуақас Жанғалиев.
Мектеп мұғалімдері мен педагогикалық ұжым мүшелері өз кезегінде бұл кездесуде пайдалы ақпараттардың болғанын атап өтті.