Павлодар облысында полицейлер жасөспірімдерге интернет-алаяқтықтан сақтану жолдарын айтты
Ақсу қаласында полицейлер оқушыларға интернет қауіпсіздігі мен құқықтық жауапкершілікті түсіндірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақсу қаласындағы Абай атындағы мектепте ювеналды полиция инспекторы орта және жоғары сынып оқушыларымен профилактикалық кездесу өткізді.
Кездесу барысында интернет-алаяқтық мәселесіне ерекше назар аударылды. Оқушыларға желідегі алаяқтықтың кең таралған тәсілдері түсіндіріліп, бейтаныс адамдармен онлайн байланыс орнатудың, күмәнді сілтемелерге өтудің, сондай-ақ жеке деректерді, құпиясөздер мен SMS-кодтарды бөгде адамдарға берудің қауіптілігі ескертілді.
Сонымен қатар инспектор құқық бұзушылық жасаудың салдарына тоқталып, Қазақстан Республикасы заңнамасын сақтаудың маңыздылығын түсіндірді.
Кездесуде жеке қауіпсіздік пен өзін-өзі қорғау мәселелері де қозғалды. Жасөспірімдерге жанжал кезінде дұрыс әрекет ету, құрдастары тарапынан көрсетілетін қысымға қарсы тұру, қауіпті жағдайлардан аулақ болу және қажет болған жағдайда ересектерден немесе тиісті қызметтерден дер кезінде көмек сұрау жолдары айтылды.
– Кездесулер ашық диалог форматында өтті. Оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды. Кәмелетке толмағандар арасында профилактикалық жұмыс жүргізу – полиция қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Мұндай кездесулер жасөспірімдердің өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауына, құқықтық мәдениетін арттыруға және ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді, – деді Ақсу қаласы ювеналды полиция инспекторы Қуан Рауангүл.
Полиция қызметкерлері оқушыларды интернетте сақ болуға, заң талаптарын сақтауға және жеке қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға шақырады.
