Қызылордада болашақ полиция қызметкерлерімен кездесу өтті
Қызылордада болашақ полиция қызметкерлерімен кездесу өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласындағы мектептердің 10-11 сынып оқушылары мен колледж студенттері Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына оқуға түсу шарттарымен танысты. Кездесулерді ІІМ Қостанай академиясының Жедел іздестіру кафедрасының аға оқытушысы Мұрат Аманат және ҚАЖ департаментінің №37 мекемесінің кадр саясаты тобының инспекторы Дінмұхаммед Оспанов өткізді.
Бұл іс-шараның басты мақсаты – жастарды Қостанай академиясына оқуға түсу талаптары мен артықшылықтары туралы жан-жақты ақпараттандыру болды.
Кездесу барысында спикерлер ҚР ІІМ Қостанай академиясының оқу бағдарламасы мен оқуға түсу тәртібін егжей-тегжейлі түсіндірді.
– Академияға қабылдау Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) нәтижелері бойынша берілген мемлекеттік сертификаттың балдарына сәйкес жүзеге асырылады. Сонымен қатар талапкерлер медициналық, физикалық және психофизикалық көрсеткіштері бойынша конкурстық іріктеуден өтеді. Курсанттар оқудың барлық кезеңінде киім-кешекпен, жатақханамен, тамақпен және мемлекеттік шәкіртақымен қамтамасыз етіледі. Академияның күндізгі оқу бөлімін толық аяқтаған түлектерге «әділет лейтенанты» немесе «полиция лейтенанты» атағы беріледі. Оған қоса, түлектер мамандықтарына сәйкес қызмет орнына жолданады, – деп атап өтті Мұрат Аманат.
Кездесу соңында қатысушылар полицияда қызмет етудің келешегі, оқу сапасы және академиядағы өмір жайлы өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, толық жауап алды. Сонымен бірге, оқуға түсу талаптары мен қажетті ақпараттарды қамтитын жадынамалар таратылды.
Бұл кездесу Қостанай академиясына түсуге қызығушылық танытқан жастарға бағыт-бағдар беріп, болашақ мамандықтарын таңдауда сенімді шешім қабылдауларына ықпал етті.