Абай облысында кинологтардың даярлығы тексерілді
Абай облысында кинологтардың даярлығы тексерілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы полиция департаментінде Алматы қаласындағы ҚР Ішкі істер министрлігінің кинологиялық орталығында арнайы дайындықтан өткен қызметтік иттердің жұмыс сапасын комиссиялық тексеру өткізілді. Бұл шараның басты мақсаты – кинологтар мен олардың қызметтік иттерінің жүктелген міндеттерді орындауға әрдайым дайын екенін қамтамасыз ету.
Биыл кинологтар иттерімен бірге үш негізгі бағыт бойынша кәсіби оқудан өтті. Олар – есірткі заттарын іздеу, жарылғыш заттарды анықтау, адамның иіс қалдықтарын одорологиялық зерттеу.
Бұл бағыттардың әрқайсысы құқық қорғау органдарының қызметінде ерекше маңызға ие. Қызметтік иттер қылмыстардың алдын алуда, қылмыскерлерді іздестіру мен ұстауда, сондай-ақ есірткі заттары, жарылғыш құралдар, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді анықтауда таптырмас көмекші болып табылады.
Комиссиялық тексеру нәтижесі кинологтар мен олардың төрт аяқты серіктерінің жоғары деңгейдегі дайындықтарын көрсетті. Бұл қызметтік иттерді пайдалану саласындағы білім мен кәсібилікті үздіксіз жетілдірудің аса маңызды екенін тағы бір рет дәлелдейді.
Құқық тәртібін қорғауда қызметтік иттердің рөлі айрықша. Олар адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, заңдылық пен тәртіпті сақтауға зор үлес қосуда.