Павлодарда полицейлер жеті мыңнан астам құқық бұзушылықтың алдын алды
Павлодарда полицейлер жеті мыңнан астам құқық бұзушылықтың алдын алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
16 қыркүйектен бастап Павлодар облысы аумағында республикалық «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде. Бұл шара қоғамдық тәртіпті сақтау, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған.
Полицейлер күн сайын азаматтардың тұрғылықты жеріне барып, құқық бұзушылыққа бейім адамдармен профилактикалық әңгімелер өткізеді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде аймақтағы құқықтық тәртіп нығайып, іс-шара өз тиімділігін көрсетуде.
Шара барысында 7235 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Мысалы Ақсу қаласының бір дүкенінде сатушы сағат 21:00-ден кейін алкоголь сатқан, ал Успен ауданы Новопокровка ауылында сатушы кәмелетке толмағанға спирттік ішімдік берген. Бұл жағдайлар бойынша кәсіпкерлерге қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, материалдар сотқа жіберілді.
«Учаске» іс-шарасының аясында құқық қорғау органдары интернет-ресурстар мен жалпыүйлік чаттарды белсенді қолдануда. Тұрғындардан түскен әрбір хабарлама бойынша шұғыл әрекет етіліп, құқық бұзушылар жауапкершілікке тартылуда.
Полиция департаменті тұрғындарды іс-шараға түсіністікпен қарауға шақырады. Себебі оның басты мақсаты – облыс тұрғындарының тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Бұл іс-шара – құқықтық тәртіпті нығайтудағы маңызды қадам. Әрбір азаматтың белсенді қатысуы мен қолдауы қоғамымыздың қауіпсіздігі үшін зор маңызға ие.