Түркістан облысында үздік полицейлер мен олардың ата-аналарына құрмет көрсетілді
Түркістан облысында үздік полицейлер мен олардың ата-аналарына құрмет көрсетілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға Түркістан облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Е.Өсербаев, аудан әкімі М.Тұрысбеков, прокурор Е.Қожабеков пен Созақ аудандық полиция бөлімінің бастығы Н.Мұратов, аудан тұрғындары, ардагерлер мен қызметкерлері қатысты.
Созақ ауданының полиция бөлімі 63 мыңнан астам тұрғынға қызмет етіп, өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарып келеді. Ауданда қылмыстық ахуал тұрақты, яғни өткен жылмен салыстырғанда қылмыс саны 20,8% азайған. Ал жыл басынан бері ішімдіксіз 3 ауыл (Аққолтық, Қарабұлақ, Балдысу) ашылып, тұрғындар спирттік ішімдіктен бас тартып, қылмыстың азаюына өз үлестерін қосуда.
Осыған орай әкімдік пен прокуратура «Елге қызмет – мәртебелі міндет» арнайы кең ауқымды іс-шарасының ұйымдастырылуына мұрындық болып, халықтың алғысына бөленіп, қызметте үздік нәтижелерге қол жеткізген және заңның сақталуына ерекше үлес қосқан полицейлерді марапаттады. Тәртіп сақшыларына “Үздік учаскелік полиция қызметкері”, “Үздік патрульдік полиция қызметкері”, “Үздік әйел полиция қызметкері”, “Үздік сақшы” номинациялары үлестірілді.
Жиын соңы тұрғындардың тыныштығын күзетіп, қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген полицейлерге арналған сахналық қойылыммен және өнерпаздардың концертімен жалғасты.