Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырау облысында мал мен ет өнімдерін заңсыз тасымалдағандарға 1 млн теңгеге жуық айыппұл салынды

Атырау облысында мал мен ет өнімдерін заңсыз тасымалдағандар мен сатқандарға 1 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Атырау облысында 18-20 қараша аралығында мал ұрлығын болдырмау, алдын алу және ашу мақсатында «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Бұл шараның басты мақсаты – мал ұрлығымен айналысатын тұлғаларды анықтап, заңсыз әрекеттерге тосқауыл қою.

Іс-шара барысында 292 автокөлік, ет өнімдерін сататын 86 сауда нүктесі және 267 шаруа қожалығы тексерілді. Қыстақтар мен шалғайдағы учаскелерде жүргізілген рейдтерде қару сақтау, пайдалану және тасымалдау ережелерін бұзғандарға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 484-бабы бойынша 5 әкімшілік хаттама толтырылды.

Мал мен ет өнімдерін құжатсыз тасымалдаудың 23 фактісі және заңсыз сатудың 8 оқиғасы анықталып, 31 тұлға ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға жалпы сомасы 1 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жануарларының қадағалаусыз жайылуының 194 фактісі тіркелді.

Жедел-іздестіру жұмыстары нәтижесінде мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталып, оларға қатысты 5 қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде бұрын жасалған екі ұрлық пен өткен жылдардағы үш қылмыс ашылып, 19 бас мал заңды иелеріне қайтарылды.

Бұл шаралар өңірдегі мал ұрлығын азайтып, ауыл шаруашылығы саласындағы құқықтық тәртіпті нығайтуға елеулі үлес қосты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру