ҚР ІІМ Ұлттық ұлан оркестрі запастағы әскери қызметшілерді ұлықтады
Елорданың М. Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайындаҚР ІІМ Ұлттық ұланның әскери оркестрі запастағы әскери қызметшілерге арнап концерт қойды. Оған әскери оркестрден бөлек, құқықтық тәртіп әскерінің Ән-би ансамблі мен өнерпаз оқушылар қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі, Мемлекеттік күзет қызметі, Ұлттық ұлан және Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіннің әскери оркестрлерінің ардагерлерін құрметтеу мақсатында ұйымдастырылды. Олардың бәрі де саналы өмірлерін әскери саламен, соның ішінде әскери оркестрмен байланыстырған.
Үлгілі-көрсетілімді оркестрдің концертін тамашалуға келген ҚР ІІМ Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары Бауыржан Әбжанов ардагерлер алдында сөз сөйлеп, олардың қызметі үшін алғыс білдірді.
– Сіздердің қызметтеріңіз әскери өмірде маңызды рөл атқарады. Наполен Бонапарт айтқандай, «Музыка сарбаздың рухын оятып, бірлігін арттырады және қиын сәтте жігерін жаниды». Сіздердің шығармаларыңыз жауынгерлерді ерлікке үндейді, ортаны біріктіреді, сонымен қатар партиотизм мен мақтаныш сезімін тудырады. Егемен еліміздің өсіп-өркендеуі, Қарулы Күштеріміздің нығаюы мен дамуы жолында еңбек сіңірген бүгінгі шараға қатысушы ардагерлерге ҚР ІІМ Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы атынан және өз атымнан үлкен алғыс білдіремін. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға береке, шығармашылықтарыңызға толағай табыс тілеймін, – деді Бауыржан Әбжанов.
Сахна төрінде оркестрдің сүйемелдеуімен ҚР ІІМ Ұлттық ұланның Ән-би ансамблінің солистері және ерлер хоры «Есть толька миг», «Мои года – мое богатство», «Как молоды мы были», «Салт дәстүрін сақтаған – біз қазақтың баласы», «Жан досым», «Как хочется жить», «Синяя вечность», «Офицер мырзалар» секілді танымал әндерді орындады. Мың бұралған бишілер залға жиналған көпті тәнті етті.
Бағдарлама барысында запастағы генерал-майор Альберт Маткаримов және 2011-2023 жылдар аралығында Ұлттық ұланның әскери оркестр орталығын басқарған запастағы полковник Асхат Мұхамедияров пен «Қалқан» газеті мен «Бүркіт» журналының қызметшісі запастағы подполковник Алтай Сиырбаев сөз сөйледі. Олар Ұлттық ұлан оркестрінің құрылу тарихы мен оның дирижерлері жайлы естеліктерін бөлісті.
Концерт соңында «Елдің қорғаны» әні шырқалды. Аяқтарынан тік тұрған тыңдарман қауым өнерпаздардан қошеметін аямады.
Айта кетейік, Қазақстандағы әскери оркестр тарихы жайлы айтқанда ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери оркестр қызметінің алғашқы бастығы запастағы полковник Александр Беляков пен бұрынғы Ішкі әскер, қазіргі Ұлттық ұлан әскери оркестрінің негізін қалаушы запастағы полковник Петр Снаговскийді және Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрінің бірінші басшысы болған запастағы полковник Талғат Бердіғұловтың есімдерін атап өтпеуге болмайды.
Бүгінде ҚР ІІМ Ұлттық ұланның әскери оркестрі халық арасында абыройға ие және олар халықаралық іс-шараларға жиі қатысып тұрады.