Пойызда алкогольдік ішімдік ішкен жолаушылар жауапқа тартылды
Пойызда алкогольдік ішімдік ішкен жолаушылар жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тараз станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Түркістан – Павлодар бағытындағы жолаушылар пойызын патрульдеу кезінде екі құқық бұзушыны анықтап, ұстады. Оның айтуынша, тексеру барысында полицейлер Түркістан облысының 21 және 22 жастағы екі тұрғынын анықтады. Ішімдікке сылқия тойып алған екі жігіт вагондардың бірінде темекі шегіп, пойыз бригадасының ескертулеріне құлақ аспаған.
– Құқық бұзушылар алкогольдік ішімдіктерді ішкені немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені және темекі бұйымдарын тұтынуға тыйым салуды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 20 АЕК айыппұл салынды, – деді көліктегі полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Мадияр Айтуғанов.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың басынан бері көлік полицейлері алкогольдік ішімдіктерді ішкені немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені үшін – 6360, ал темекі өнімдерін тұтынуға тыйым салуды бұзғаны үшін – 2234 құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты.