Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада сотталған азаматтар танымал спортшылармен кездесті

Қызылордада сотталған азаматтар танымал спортшылармен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37 мекемесінде тәрбиелік бағыттағы маңызды шара ұйымдастырылды. Мекеме әкімшілігі сотталған азаматтарды спорттың құндылығы мен салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында танымал спортшылармен кездесу өткізді.

Кездесуге Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының бөлім басшысы Ғалым Сихымов, «Қайсар» футбол клубының жартылай қорғаушысы әрі команда капитаны Думан Нәрзілдаев және тоғызқұмалақтан әлем чемпионы, бесінші дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы Бексұлтан Бостандықов қатысты.

Шараның мақсаты – сотталғандарға спорт арқылы өмірге жаңа көзқарас қалыптастыру, оларды қоғамға қайта бейімдеуге ықпал ету және рухани қолдау көрсету.

Спортшылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, спорттың адам өміріндегі рөлі мен оның адамгершілік, төзімділік, тәртіп секілді құндылықтарды тәрбиелеудегі маңызын түсіндірді. Бостандықов Бексұлтан тоғызқұмалақтың тарихы мен ерекшеліктері туралы баяндап, өзінің жетістіктерге қалай қол жеткізгенін әңгімеледі.

Думан Нәрзілдаев футболдағы командалық рухтың маңыздылығын атап өтіп, спорттың өмірдегі қиындықтарды жеңудегі рөліне тоқталды. Ал Ғалым Сихымов спортпен шұғылданудың физикалық және психологиялық денсаулықты жақсартуға қалай әсер ететінін айтты.

Кездесу барысында сотталғандар спортшыларға сұрақтар қойып, олардың тәжірибесі мен жетістіктері туралы қызығушылықпен тыңдады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру