Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда түн тыныштығын бұзған меломан жауапқа тартылды

Павлодарда түн тыныштығын бұзған меломан жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түнгі тыныштық – әр азаматтың тынығу құқығын қамтамасыз ететін басты қағидалардың бірі. Осыған орай заңнамамен реттелетін шу деңгейіне қатаң талаптар қойылған, әсіресе түнгі уақытқа қатысты. Алайда Павлодар облысында бұл нормаларды елемейтін азаматтар әлі де кездесуде.

Көршілер арасындағы жанжалдардың ең жиі себептерінің бірі – шулы әрекеттер. Жыл басынан бері түн тыныштығын бұзғаны үшін 6 мыңнан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мәселен, жақында сағат түнгі 2:30-да Нұрсұлтан Назарбаев даңғылындағы көпқабатты үйлердің бірінің тұрғыны полицияға қоңырау шалып, көршісінің қатты музыка қосып, үйде нағыз дискотека ұйымдастырғанын хабарлады.

— Мен төмен түсіп, есігін қағып, дыбысты азайтуды сыпайы түрде өтіндім. Алайда көршім есікті тарс жауып, көңіл көтеруін жалғастыра берді. Кез келген тұрғын сияқты менің де еңбек күнінен кейін тынығуға және түнгі тыныштықты сақтауға құқығым бар. Бірақ мұндай «мерекені» ұнататын көршілердің кесірінен жүйкемізге де, денсаулығымызға да зиян келеді, – деп шағымданды тұрғын.

Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері тыныштықты бұзған азаматты жауапқа тартты.

Полиция тұрғындарға мынадай кеңес береді. Егер көршілер музыка дауысын төмендету немесе жөндеу жұмыстарын тоқтату туралы өтінішке құлақ аспаса, батыл әрекет ету қажет.

Ең алдымен, дәлел жинаңыз. Мұны аудио немесе бейнежазба түрінде жасауға болады. Полицияға жазбаша шағым түсіріңіз. Тергеу жүргізілгеннен кейін құқық бұзушы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады.

Егер сіз құқық бұзушылықтың куәгері болсаңыз, полицияға 102 нөміріне қоңырау шалып, «Police 102» мобильді қосымшасын пайдаланып немесе Instagram желісіндегі @dp_pavlodar, @polisia_pavlodar парақшаларына жаза аласыз.

— «Заң және тәртіп» қағидаты – ішкі істер органдарының азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатындағы қызметінің негізгі ұстанымы. Құқық бұзушылар өз әрекеттері үшін міндетті түрде жауап береді, – деп атап өтті Павлодар облысының полиция департаменті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру