Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында шағын футболдан ерекше турнир өтті

Қызылорда облысында шағын футболдан ерекше турнир өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл спорттық шараны Қызылорда облысы полиция департаменті мен «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының облыстық филиалы бірлесіп ұйымдастырды. Турнир құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдар қызметкерлері арасында өткізілді.

Ойынның ашылу салтанаты «Еуразия» спорт кешенінде өтті. Іс-шараға Қызылорда облысы Полиция департаментінің басшылығы, ішкі істер органдарының ардагерлері және «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының өкілдері қатысты.

Салтанатты шарада сөз алған Оралбек Омаров қатысушыларды Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтап, жарысқа сәттілік тіледі.

– Тәуелсіздік күні – әрбір азамат үшін ерекше маңызға ие ұлы мереке. Бұл күн азаттықтың, еркіндіктің, әрі ел болашағына деген сенімнің нышаны. Осындай спорттық шаралар қызметкерлердің салауатты өмір салтын ұстануына ықпал етіп қана қоймай, ұжымдастар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға жол ашады. Барлық командаларға әділ бәсеке мен жеңіс, ал көрермендерге ұмытылмас әсер тілеймін. Еліміз тыныш, халқымыз аман, тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын! – деді ол.

Турнирде барлығы 8 команда, яғни 96 қызметкер бақ сынады. Әділ әрі ұйымдасқан жарысты қамтамасыз ету үшін арнайы мандаттық комиссия құрылды.

Тартысты ойын нәтижесінде командалардың жүлделі орындары келесідей бөлінді: 1-орынды Қызылорда облысы полиция департаментінің командасы иеленсе, 2-орын ҚР Ұлттық ұланының 5547 әскери бөліміне бұйырды. Ал 3-орын ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің командасына берілді.

Сонымен қатар жарыс барысында ерекше көзге түскен қатысушылар арнайы номинациялармен марапатталды.

«Үздік ойыншы» атағын ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5547 әскери бөлімінің қызметкері Болат Данияр жеңіп алды. «Үздік шабуылшы» номинациясы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің өкілі Қанат Жомартұлына берілді. «Үздік қақпашы» болып Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкері Тлеп Ақжігіт танылды. Ал «Үздік қорғаушы» атағы Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкері Құдайберген Жансүйгенге табысталды.

Жүлделі орын иегерлері мен номинация жеңімпаздарына Полиция департаменті басшысының атынан дипломдар, кубоктар мен медальдар табысталды. Сондай-ақ, «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының облыстық филиалы атынан Ақназаров Төлеген үздік ойыншыларға естелік сыйлықтар тарту етті.

Бұл турнир тек спорттық жарыс емес, қызметкерлердің бірлігін нығайтып, денсаулық пен достықтың жарқын үлгісін көрсетті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру