Германиялық ана ұлын маскүнемдіктен құтқарған полицейге ризашылығын білдірді
Германиялық ана ұлын маскүнемдіктен құтқарған павлодарлық полицейге ризашылығын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жақында Павлодар қаласында орын алған оқиға азаматтар мен құқық қорғау органдары арасындағы тығыз байланыс пен сенімді қарым-қатынастың жарқын үлгісіне айналды. Сонымен қатар, бұл жағдай әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешудегі полиция қызметкерлерінің жұмысының қаншалықты маңызды екенін көрсетті.
Учаскелік полиция инспекторы Айгүл Сәрсембеноваға Германия азаматы Татьяна Веннер телефон арқылы хабарласып, ұлына көмек сұрады. Оның айтуынша, ұлы алкогольге тәуелділікке ұшыраған және бұл мәселені шешу үшін анасы бар мүмкіндікті пайдаланып көргенімен, нәтиже болмаған. Осы ретте ол полицияның көмегіне жүгінуді жөн көрген.
Айгүл Сәрсембенова азаматтың өтінішін назарға алып, отбасымен сөйлесу үшін олардың мекенжайына барды. Ол жақындарымен, көршілерімен және үй тұрғындарымен кездесіп, мән-жайды анықтады. Кейін қажетті құжаттарды рәсімдеп, тексеру нәтижелерін жинақтау үшін ер адамды ауруханаға алып барды. Нәтижесінде ер адам мәжбүрлі түрде емделуге жіберілді. Инспектор бұл туралы Германияда тұратын анасына хабарлап, оның өтініші орындалғанын жеткізді.
Жақында Татьяна Веннер учаскелік полиция қызметкеріне жергілікті басылым арқылы алғыс хат жариялады.
– Бұл оқиға полиция жұмысының тиімділігі мен олардың адам тағдырына деген жанашырлығын көрсеткен ерекше сәт болды. Мен Германияда тұрсам да, ұлымның денсаулығына алаңдап, оның өмірін құтқаруға бар күшімді салдым. Алайда бұл жолы учаскелік инспектор Айгүл Сәрсембеноваға жүгінгенім дұрыс шешім болды. Ол менің жағдайымды түсініп қана қоймай, ұлымды мәжбүрлі емдеуге жіберу үшін барлық қажетті шараларды ұйымдастырды. Өйткені, ерікті емдеуден нәтиже болмағандықтан, жағдай күрделі күйге жеткен еді. Айгүлдің кәсібилігі мен қамқорлығы арқасында ұлым жаңа өмір бастаудың мүмкіндігін алды, – деп бөлісті Веннер ханым.
Алғыс хатта ол полиция қызметкерінің жоғары кәсібилігін, нәзік мәселені шешудегі сезімталдығы мен шынайы жанашырлығын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, полиция араласуының арқасында ауыр зардаптардың алдын алып, ұлына өмірін қайта қалыпқа келтіруге мүмкіндік берген.
– Бұл оқиға құқық қорғау органдарының құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуден бөлек, қоғам денсаулығына әсер ететін алкоголизм, нашақорлық сияқты әлеуметтік мәселелермен күрестегі рөлін анық көрсетті. Павлодар полицейлері қиын сәтте азаматтарға көмек қолын созып, олардың өміріне оң өзгеріс әкелуге қабілетті екенін тағы бір мәрте дәлелдеді, – деді Веннер ханым.
Германиядан ризашылығын білдірген ана осы оқиға арқылы қиын жағдайда қолдаудың қаншалықты маңызды екенін және мамандардың көмегінің адам денсаулығы мен әл-ауқатына шешуші әсер ететінін көрсетті.
– «Заң және тәртіп» қағидаты – ішкі істер органдарының азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған қызметінің негізі болып қала береді, – деп атап өтті Павлодар облысының полиция департаменті.