Көлік полицейлері өткен жылы тәртіп бұзған 500-ден астам жолаушыны әуе рейстерінен түсірді
Көлік полицейлері өткен жылы тәртіп бұзған 500-ден астам жолаушыны әуе рейстерінен түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көліктегі полиция департаменті заңдылық пен тәртіпті сақтау, сондай-ақ кез келген құқық бұзушылықтар үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету мақсатында өз жұмысын күшейте түсті. 2024 жылы көлік полициясы түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтарға жол берген 549 жолаушыны әуе рейстерінен түсірді.
Атап айтқанда, алкогольдік ішімдіктерді ішіп, қоғамдық орындарға мас күйінде келгені үшін 276 адам, әуе кемесінің бортында темекі шеккені үшін 204 адам, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 35 адам және әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларын бұзғаны үшін 29 адам рейстен шығарылды.
Мысалы Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Фукуок – Алматы бағытындағы рейсінде ұшақ командирінің актісі бойынша жолаушыны түсірді. Тексеру барысында оның Алматы қаласының 42 жастағы тұрғыны екені анықталды. Ол ұшу барысында алкогольдік масаң күйде болып, өзін дөрекі ұстаған, экипаждың талаптарын орындамаған, балағат сөздер айтып, әуе кемесінің бортында темекі шеккен.
Құқық бұзушыға қатысты бірнеше әкімшілік құқық бұзушылық бойынша хаттамалар толтырылды. Олар: қоғамдық орындарға мас күйінде келу, әуе кемесінде темекі шегу, ұсақ бұзақылық және әуе кемесіндегі мінез-құлық қағидаларын бұзу. Аталған іс материалдары сотқа жолданды. Сот шешімімен құқық бұзушыға 5 тәулікке қамау түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды.
Көліктегі полиция департаменті жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық азаматтарды әуе рейстері кезінде экипаждың талаптарын орындауға және ұшақ бортындағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Есте сақтаңыз, әуе кемесіндегі тәртіп бұзушылық жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіруі мүмкін.